21.05.2022
105
Астанаға
Сұлулығың тоңдырады жанымды,
Қатігездеу қаласың.
Менің жаным, ауыл иісін сағынды,
Аялайтын баласың.
Кірпіктерім көркемдікке қонады,
Биік үйлер ғаламат.
Болмысымнан бақытымды тонады,
Талантымды талап ап.
Қара күздің суығын да түк етпес,
Қыз жүрегім қорлана.
Анам жүр ғой ауылымды тілектес,
Аяйтыным сол ғана.
Қу тірлігі тиынына телмірген,
(Жастарға шын обал,ә?!)
Сұлу қала сымбатына сендірген,
Баяндысы бола ма?..
Жан-жүрегім жапыраққа айналған,
Сілкіп тастап шықтарын.
Мен өзімді тағдырдағы айнамнан,
Көріп тұрып ұқпадым.
Жалақыға жалданамын жасқана,
...Әй, менікі нан-талап.
Пәтер іздеп кетіп барам, Астана,
Бір сөмкемді арқалап!..