21.05.2022
  140


Автор: Динара Мәлік

Ана мен бала

Құшағына ап сүйсе де ыстық Күн өртеп,
Нұрға малып тербеткенмен Түн ерке.
Ана сүтін еме алмады сәби боп,
Тағдыр оны жазалады тым ерте.
Шуақ шашып күлгенімен аспаны,
Туған әке бауырына баспады.
Ана болып әкелгенмен өмірге
Шешесі де тәрік етіп тастады.
Дүниеге келген алғаш таңында,
\Бұл тағдырдың соры мүлде қалың ба?!
Шыр-шыр етіп жетім үні шырқырап,
Қала берді күл-қоқыстың маңында.
Бұл өмірге бұлай келген – құрысын,
Осы ма еді бақ пен бақыт, ырысың?!
«Іңгалаған» сәби үні дәрменсіз
Бұзып жатты ала таңның тынышын.
Мына жарық дүниеге құлшынып,
Көкжиектен көтерілді Күн шығып.
Сәби үні түніменен жылаған
Түнге қарай құлап жатты тұншығып.
Бұрылмады қимастық пен көңілге
Жұлдыздар да қайғы жұтып сөнуде.
Көрдідағы тұрып қалды бөбекті
Кейуана келген қоқыс төгуге.
Тұрып қалды әуелгіде тосылып,
Содан кейін жылап алды қосылып.
Ешкім аяқ баспас қоқыс маңында
Бірін бірі тапты осылай қос үміт.
Біріншісі ана безген бала-тын,
Екіншісі бала безген Ана-тын.
Кейуана құстай ұшты қалықтап,
Емдеп алған жараланған қанатын.
Сұм тағдырдан жүрген мүлде түңіліп,
Жан-жағына қарады Ана үңіліп.
Байқай қойған жан жоғына сенген соң
Баланы алып кетті үйіне жүгіріп.
Көтерді Ана міне осылай еңсені,
Елжірейді мейіріммен көрсе оны.
Бауырына басқан күні баланы
О, керемет, иіді оның емшегі.
Бірге көріп аяздар мен аптапты,
Тіршілікті қара тастай қап-қатты.
Шаттық пенен қуанышқа бөленіп,
Екі мұңлық ғұмыр кешті тәп-тәтті.
Ұл да бүгін жігіт болды, ер жетті,
Есіне алмай кешегі ащы кермекті.
Кейуана тірі жетім баланы
Аялады, ақ бесікте тербетті.
Талай түнді көзін ілмей өткізді,
Бастан кешіп ауыр тағдыр – от-мұзды.
Болар-болмас зейнетақы – тиынмен
Сол баланы кәмелетке жеткізді.
Сол баланы Азамат қып өсірді,
Жоғалтпады, жоғалтпады есімді.
Сол баланың болашағы үшін де
Өкпелеткен бар тағдырын кешірді.
Жомарт деген жанның бәрі мәрт емес,
Бұл жалғанның алды – тұман, арты –елес.
Ерлік жасау керек деген ұғымға
Отқа оранып, оққа ұшу шарт емес.
«Ерліктер» бар ерлігіне күлерлік,
Қасиеті жоқ ондайдың да бір емдік.
Нәрестені сұм ажалдан құтқарған
Кейуананың бұл тірлігі ұлы ерлік!
Тақта отырған мықты түгел батыр ғой,
Бірақ оны мойындамас ақылды ой.
Кейуананың тірлігінде елеусіз
Нағыз, нағыз Қаһармандық жатыр ғой.





Пікір жазу