21.05.2022
  155


Автор: Динара Мәлік

Диалог

– Қара жер алшы мені құшағыңа,
Пенде ғана пендені құшады ма!
Күлкімді көз жасыма құйып алдым,
Күбірлер аяғымды тұсады да.
Қара жер саған ғана сыңар едім,
Адамдарға аярлы сұрақ едім.
Өзің ғана көтеріп бар күнәмді,
Өзің ғана табасың бір-ақ емін!
Жер-Ана тапшы менің қалауымды,
Қара түн жасырады қаламымды.
Ақ қағаз менде сендей аппақ едім,
Бақытым қайда қалды бала күнгі?
Әлдименен тербетпес бесігіңді,
Өмірдің сүйрейді екен көші кімді?
Сенен ғана көре алам кеңшілікті,
Сенен ғана сұраймын кешірімді.
Қара жер қабағыңнан айналайын,
Топырақ боп төсіңде ойланайын.
Жұлдыздар жыр түсінсе жетер маған,
Жібектей сәулесіне жалғанайын!
Қара жер бұршы маған назарыңды,
Сенде жатып естиін ғажап үнді.
Құшағыңнан тарыдай орын сыйла,
Тастап кетем тіршілік тозағымды!
– Тамшы боп жанарыма түнегесін,
Жан едің ғой қарағым білер есін.
Құрсағына сиғансың тар өмірдің,
Анаң байғұс арыңды тілегісін.
Алла білер ақсың ба қарамысың,
Сен де бір Ақжауынның жанарысың.
Тамшыны жел әкетер бағытымен,
Өмірің қайда ұзап барады шын?
Өмір саған келмеген күйік үшін,
Сенде бір топырақтың түйірісің.
Мен үшін көп күнәнің біреуісің,
Аспан үшін арманның биігісің!
Қанша рет қан кұйылды жүрегіме,
Пенде біткен күйімді тіледі ме?
Жапырақтар құлайды мезгілімен,
Қара жердің қадірін біледі де.
Ием маған сыйлаған кеңшілігін,
Адам маған қимайды бір шыбынын.
Жүрегіме сәжделер жайылады,
Аллаға аманаттап құлшылығын.
Мен солай бар күнәмен қоштасамын,
Таңертең таңмен бірге басқашамын.
Кең болу сүю екен – Жаратқанды,
Аппақ аппақ тілекпен астасамын.
Кеше емес пе үмітпен түлегенің?
Бұл қалай күдікпенен жүдегенің?
Сендегі сағынышты басу үшін–
Мендегі сабырлықты тілер едім.
Түнерсең мен де бірге түнеремін,
Тыныштыққа қонатын тілек едім.
Сендегі өкінішті өртеу үшін –
Мендегі мейірімді тілер едім.
Бақытқа бастар жолды өткел етіп,
Өмір сені жүр ме екен өкпелетіп?!
Жанарымнан бір тал гүл үзіп ал да,
Шашыңа тағып алшы көктем етіп!
Жер–Ана сөйлеп тұрды сағынышпен,
Көкпенен Жерге ғана бағынышты ем.
Жасымды жұтып алдым, күліп тұрып,
Өртеніп бара жаттым жанып іштен.





Пікір жазу