21.05.2022
  151


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Ақиқат жолында

Мейлі көндір, саясатты мақұлдат,
мейлі өзіңнің шындығыңа жақындат.
Түбі ақынға өз дегенін істейді,
жүрегіне ұя салған ақиқат.
Ол тереңде жатқан жаһұт тәрізді,
жасырсаң да оған жетер әр ізді,
Жарқ еткізіп, құдай сәтін салғанда,
тауып алар бір балықшы жаны ізгі.
Туғанынан бағы жанып көрмеген,
қанша сорлы ақиқатқа шөлдеген.
Құр үмітпен аттанады бақиға,
іздей-іздей өмір атты көмбеден.
Іздеді оны қанша ойшыл-даналар,
түсірем деп сәуле-құтын санаға әр.
Тура жолдан, тура келсе аздырып,
сайтан ғана ізгілікті табалар.
Іздеді оны қанша батыр бас тігіп,
жігерімен тау қопарар, тасты үгіп.
Кесірінен дүниеқоңыз жандардың,
кешеуілдеп кейін қарай қашты үміт.
Іздеді ақын ой-тұлпарын жаратып,
сарсылумен ұйқысыз сан таң атып.
Әр сөзінен ақиқаттың нұры ойнап,
жыр оқыды жұртты аузына қаратып.





Пікір жазу