Жалаулы төбе туралы жыр
«Елімнің күнәсі не, жылайтындай?
Көз жасын көкке сауып бұлайтындай.
Етігімді сүртуге жарамайтын,
Қалмақтан жанға сауға сұрайтындай.
Неңді алдық құдай сенің, күйдіргендей,
Басымды жоңғар итке идіргендей.
Жерімді ата жауым иемденсе,
Онда мен неге ғана жүрмін өлмей...»
Елтінді осыны ойлап ыңыранды,
Бір ұрттап алдындағы қымыранды.
«Жәңгір сұлтан келеді» дегенді естіп,
Бәсе-е... деп бұл хабарға қыбы қанды:
Жеріңде тайраңдатып бұлай жауды,
Әздектеп отырарсың қалай жанды.
Қонтайшы Батұр жайлы сыбысты естіп,
Көптен бері қанына қарайған-ды.
Жасаған жауыздығын анық көрген –
Қорлаған әруақты алып көрден...
Сәбиді сүңгіменен шаншып алып,
Қайтпаған қанына нан малып жеуден.
Осыған адам болсаң көнесің бе?
Одан да сорақысы – ел есінде.
Сасытып тастап кетіп сай-салаға,
Көмбейді өлігінің денесін де.
Настығынан қалмағың жуынбайды,
Ырысым кетеді деп ырымдайды.
Иісі сонадайдан қолқа қауып,
Адамнан мұндай нәлет туылмайды.
Кім білсін, ібілістің бірі ме екен?
Құдай сүйер түгі жоқ, түрі бөтен.
Қорқаудай қанға құмар көрінеді,
Жаны да жексұрынның сірі ме екен?!
Елтінді ойға батып тұнжырады,
Елімді сақтай көр деп шын жылады.
Елу мың қолыменен Батұр келсе,
Қасқайып қарсы алдында кім тұрады?
Жәңгір сұлтан – бар үміт, сенері де,
Күмән көп Жалаңтөстің келеріне...
Жер жағдайын бұл жетік білуші еді,
Сұлтан да құлақ асты дегеніне:
«Қызылқия – бекінер орын,- деді,
Жау келер жақ сусыма қорым деді.
Жалаулыға қадайық туымызды,
Өлсек-өлдік Арқастың** төрінде енді!
Санымыз аз, сондықтан ор қазайық,
Қорған болар біздерге ол ғажайып.
Жарбұлақты бетке алған жоңғарларға,
Жебе тартып азырақ бой жазайық»,–
деп Елтінді жымиып күлген еді,
Жәңгір де мұның сырын білген еді.
«Қалайда уақыттан ұту керек,
Жалаңтөс тірі болса бір келеді!»
Дегені – білдірді елге еретінін,
Не көрсе, жұртпен бірге көретінін,
Самарқанның бүгінгі билеушісі –
қандыкөйлек досына сенетінін.
Бұрынғы бабалардың жолыменен,
Намысқа жүректері толып ерен!
Елу мыңға дір етпей қарсы тұрды,
Жеті жүзге жетпейтін қолыменен.
Сенері – жанындағы серіктері:
Қарасай, Ағынтайды көріп пе едің!
Жақсығұл, Сарыбұқа, Көтен, Табай,
Оларды көрмеген жау жеңіп тегі!
Осында Алты Алаштың айбындары,
Ендеше бостан-босқа қайғырмалы.
Жиембеттің жырлары жігер беріп,
Ұмыттырар бойдағы қайғыңды әлі!
Ерік бер Көксерек пен Елтіндіге,
Елге айтқан орындалар сертің міне!
Есірген ойраттарды орға жығып,
Тәубәсін аузына келтір түге!
Жиембет жырлап кетті сілкіндіріп,
Белінде Белжайлаудың сыр тұндырып.
Жалындап, арындап кеп төгілген жыр,
Жіберді жүректерді жұлқындырып!
Асау жыр тау суындай тасып ақты,
Арқастан алты алашқа асып ақты.
Көппіз деп көкіректеп келгендердің,
Жігерін құмдай қылып, басып ақты.
Асау жыр ұшты жауға жебе болып,
Қырылды ойрат төбе-төбе болып.
Сор болған көздің жасы шерге айналып,
Төгілді көкірекке неге толып?..
Нұр жауып қанмен бірге көктен енді,
Бөледі күн нұрына көктем жерді.
Жиырма үш мың қолменен дер кезінде,
Жалаңтөс баһадүр де жеткен еді!
Бас сауғалап қонтайшы шегінді енді,
Жұтпақ боп айдаһардай, төніп еді.
Елу мыңның он мыңын өлі тастап,
Қабырғасы қақырап сөгілді енді.
Сөгілді енді... Қан жұтып еңіреді,
Тамұқ болып кеткендей төңірегі.
Қашамаға жол салып қашамыз деп,
Жардан ұшып жартысы өліп еді...
Бұл Жеңісті қазағым аңсап келді,
Қыранның қанатымен жар сап келді.
Салқам Жәңгір бастаған жеті жүзге,
жетпейтін жанкештілер жол сап берді.
Қайтпаған соң қасқайып алар кегі,
Тағдырға мін тарих та тағар ма еді?
Қалың қолмен Жалаңтөс жетпегенде,
Қызылқия қан сасып қалар ма еді?
Жауда есем кетпе деп ер тілейді,
Ердің жасын төкпе деп ел тілейді...
«Бірлікте деп күшіміз, беу ағайын!»
Жалаулыға тіккен ту желбірейді.
Ел мен Ердің үміті ақталғаны,
Ақталғаны екен ғой тәтті арманы!
Ауытқымай бабалар салған жолдан,
Бір көруге бұйырсын бақты алдағы!