21.05.2022
127
Өмірді Жаратқан Иемнің бары анық...
Өмірді Жаратқан Иемнің бары анық,
Сол Өмір – шуақтан өзіне нәр алып.
Шыбын мен шіркей де тіршілік саналып,
Жер-Ана бойымен жатады таралып.
Он сегіз мың Ғалам, ішінде Жер-Анам,
Жаным мен тәнімнің ұясы санағам.
Ақын ғып жаратқан Иеме мың алғыс,
Ғаламды жаныммен жырлауға жаралғам.
Жырымда – көргенім,
Түйсікпен сезгенім.
Өзімді жылытар, тоңғанда өз демім.
Өлеңім ақ торғын орамал тәрізді,
Сүртетін аялап, көз жасын өзгенің.
Ашқаннан шыңғырып өмірдің есігін,
Тербеген жұбатып, Жер-Анам – бесігім.
Санаулы ғұмырдың сезбесем қадірін,
Жаратқан Иемнен сұраймын кешірім!