21.05.2022
141
Түс
.Ой сүзіп отырғанда,
Қиялға қармақ салып.
Бақыт сол, ақын жанға –
Ілінді алтын балық.
Ақыным жолың болар –
Міне алтын, күре деді.
Қабыл боп орындалар –
Үш тілек тіле деді.
Япыр-ау, не тілесем?!
Байлықты қаласам ба?
Біреуге кетіп есем,
Ит болып таласам ба?
Жоқ әлде... сарай мақтар,
Мансапты қалайын ба?
Жағымпаз, алаяқтар,
Қаптатып маңайыма.
Жоқ әлде... Қолда балық –
Ұзақ жас тілейін бе?
Ұрпағым жолда қалып,
Шайтан боп жүрейін бе?
Болмайды... Бөлектеніп,
мен өмір сүре алмаспын.
Өзімшіл ойға көніп,
Ұрпақсыз жүре алмаспын.
Тыныштық... тыныштық деп,
айғайлап ояныппын...
Төгіп тұр бір ыстық леп,
Арайға боялып күн.