Шын бақыт
Ұйықтатпады мазалап бүгін өлең,
Ой шіркіннің, жетпейсің түбі терең...
Раббымның шексіз-ау, құдіреті,
Тіршілікті жаратқан жұбыменен.
Бір өзіңсің, күн мен түн санатқан да,
Сезім селін жүрекке таратқан да.
Қарап тұрсам, япыр-ай, қайтер едік,
Әйелдерсіз өмірді жаратқанда?
Өңкей еркек әйелсіз төзер ме едік?
Жұпар исін жұмақтың сезер ме едік?!
Қырмызыдай қызы жоқ, қызығы жоқ,
Тіршіліктен баз кешіп, безер ме едік.
Ойлаудан да ол жағын жасқанамын,
Талқан қылар тірліктің тас қамалын.
Махаббатты жаратқан, Раббыма,
Бас ұрудан жоқ еді басқа амалым!
Өзек болар өмірлік өлеңіме,
Махаббатсыз, тірліктің керегі не!
Арманым жоқ дер едім, арманым жоқ,
Батып өлсем сезімнің тереңіне.
Байлық іздеп, бақ іздеп өзеуреспе –
Алданбайық жігіттер, ез елеске.
Біз бақытты басқадан іздемейік –
Бақыт деген – Әйелдің өзі емес пе!