Тастүлек
Жас талапкер жыр оқыды жұлқынып,
Жырларынан сыр естілді бір тұнық.
Тіфә, тіфә... тіл мен көзден сақтасын,
Бәйтерекке айналғанша бұл шыбық.
Жыр оқыды жастық жігер жалындап,
Жас талапкер, тілегің де, жаның да ақ.
Таңдағаның бұл жол болса... Кетеді-ау,
бірте-бірте мұң құрсауы қалыңдап.
Түсесің-ау, топан судай топқа да,
Шешінген соң... нар тәуекел, тоқтама!
Маңдайыңа өлең жазып әкелсе,
Тағдырыңа жол көрсетер Хақ қана.
Хақ қолдаса, жалындарсың, жанарсың,
Өз арнаңмен мұхит іздеп ағарсың.
Мүмкін інім, асылыңды аңсаған,
Көсемсөздің көкірегінен табарсың.
Бәлкім бәсің тұрар дәйім жоғары,
Жыр жазарсың жұртың үшін бағалы.
Балта ұстаған Батыраштың мойнында,
Есіл жырдың кетпесе екен обалы.
Тіфә, тіфә, тілім тасқа ағайын,
Таза болсын көреалмастан маңайың.
Тастүлегім, жас жүрегің жырласын,
Туған жердің асқақ алтын арайын!