Айқайқұм
Аңызақта кеберсіді таңдайым,
Қайда барсам құмға тиіп маңдайым.
Шетсіз-шексіз сары далада көсілген,
– Естідің бе біреулердің айғайын?
Айғайлай ма, құдайым-ау, зарлай ма?
Құлақ түрші, кім жүр екен шалғайда?
Кім болса да, біреу келіп шіркін-ай,
Су тамызса кеберсіген таңдайға.
Көкмайсада шіркін, шалқып жүрген күн,
Бірдей еді жас көңілге күн мен түн.
Алтыннан да болатынын су қымбат,
Шөлге барып шөліркемей білген кім?
Әлгі дауыс тағы шықты, сездің бе?
Құлақ аман, бұлдырайды көз мүлде.
Құм төбеден естілетін сияқты,
Бұрын-соңды бұл даланы кездің бе?
– Құлан жортқан құла дала бұл деген,
Киіктер де орын тепкен іргеден.
Киінгендей үлде менен бүлдеден,
Жыңғыл әне, күлгін тартып гүлдеген.
Білмейтіндер ерекше таңқалатын,
Үркектердің есіне үрей салатын.
Сары желмен сансыз рет айтысып,
«Айқайқұм» бұл, күнде айғай салатын.
Ей, жолаушым, сәтті болсын жорығың!
Сайын дала толы құм мен толы мұң...
Есту үшін «айқайқұмның» дауысын,
Аралап қайт Алтынемел қорығын.