21.05.2022
  219


Автор: Гүлсара Шалқар

Мен саған ғашықпын

Жауын тұр себелеп. Байқарсың.
Көз жасым – әр тамшы…
Мен саған ғашықпын, қалқам, шын.
Жалтақтап жан-жаққа алдан ба,
Ойпырмай, маған да
Көзіңнің қиығын салсаңшы,
Жүректі тербетер ән қалсын.
Жанымды түсінші…
«Бәрінде сыйғызар кең дала».
(Шығармын шын бәлкім мен бала),
Жақыным көп менің… Арман ба?
Жалғанда,
Көңілі кең адам мен ғана.
Тек мұны білмейтін сен ғана.
Анықтап қарашы…
«Гүлдерден сұлулық байқар жан»
(Апыр-ай, басқалар байқаған).
Өзіңсің − айтар ән.
Үзіліп,
Сызылып,
Сен үшін гүл болып жайқалам.
Зер салшы,
«Бұл таулар − тәкәппар».
Өтірік!
(Шынымен отырмын өкініп).
Басқаға асқақпын…
Сенбегін, сен мейлі,
(Қолымнан келмейді).
Шіркін, бұл болса ғой өтірік,
Шіркін, бұл болса ғой өтірік…
Сөзімді тыңдашы…
«Бұл − бақыт шын емес».
Алдамшы өмірім бұл − егес.
Тірілер мекені − төркінім,
Өлілер өкілі −
Мен мынау шын елес.
Сыр емес.
Жүрекке үңілші,
«Тереңдік теңізде…»
(Кеттім-ау, теңеулер көп іздеп),
Сыр-сандық барлығын сақтаған,
Ал, айтшы, жақсы адам
Жүрегім теңізбен егіз бе?
Сен мені қияли дегізбе!
Мен саған ғашықпын, қалқам, шын.
Көзіңнің қиығын салсаңшы…





Пікір жазу