21.05.2022
  117


Автор: Гүлсара Шалқар

Ұмыту қиын деуші еді...

Ұмыту қиын деуші еді,
Қалай ғана ұмытқам?
Жүрегіме үңілсем:
...Бөлшек-бөлшек... сынықтар.
Жамай алмай айнаны басым қатып отыр ғой −
(Өткенімді ұмытар өмірімде ғұрып бар!)
Бөлшек-бөлшек сынықты бүтін қылып қарайын,
Өткен күннің өзгеше өрнектелген арайын.
Жақұттылау сәттегі қайғымды еске алайын,
Бақыттылау сәттегі күлкімді еске алайын.
Еске алайын амалдың дәптеріне жазылған
Көктемім бар көңілде күзім, қысым, жазым бар.
Көз тастап ал көрейін шаттығым бар шығар-ау,
Бәлкім... бәлкім... шығар-ау айтылмаған назым бар.
Еркелігім бар шығар күліп шығар алдымнан,
Тентектігім бар шығар көп төзімді сарқыған.
Өткен күннің белгісін білдіретін бағалы,
Естеліктер бар шығар жырақ кетпес жадымнан.
Сезімім бар шығар-ау сезінбеген басқа жан
(Сезім деген − серттескен сүйіктіңдегі асқақ ән!)
...Өте шығар бес минут кинодайын бес күндік
Өмірімнің лентасын үзіп-үзіп тастаған
Алтын уақыт әр күннін айқара ашып сарайын,
Ұмыт қылды таңбалы тағдыр − тарих талайын.
«Зу етеді білдірмей, қадірін еш ұқпасаң» −
(Өктем уақыт бүгінде тағдырыма Төрайым!)
Бағынам деп уақытқа алды-артымды ойламай:
(Өткен өтті!)
Қиялмен Естелікке бойламай,
(Аллаға аян!)
Болашақ − бұлыңғырды болжаусыз,
Өмір кешіп жүр екем Осы шақта...
Ой, қалай?.





Пікір жазу