21.05.2022
  138


Автор: Гүлсара Шалқар

Өзгеріс

Үнсіз жүрмін,
Үнемі,
Тілсіз доспен табыстым...
Тұйықтық пен Ашықтық ұза-а-а-а-а-ақ
уақыт алысты.
Қатпар- қатпар Жылдарда құрсауланған
Уақыттай
Тарпаңмінез- Тағдырдың тылсымымен танысқын.
Жүрегімнің түбінде шешілмеген Жұмбақ бар,
Табу үшін Жауабын Көңілдегі Сырды ақтар.
Тар-Қапаста тағатсыз тыпыршиды Ашықтық
Шырылдаған Сәбидей тұншыққан соң құндақта.
Босатпайды Тұйықтық тұсаулап ап Тәнімді.
(Жалғыздықтың әні бұл- Жүректегі әнім бұл).
Сауалыңа тіл қатпай, Жауабыңа үн қатпай
Үнсіз қалсам, айтқызбай Көзқарастың мәнін біл.
Сөзшеңдікті Үнсіздік басып озған тұсы бұл.
(Сөгіс алғам Сөз қуып жүргендігім үшін мың).
...Түсініксіз болған соң түсіндірмеу – Міндетім.
Өз еркіңде Жанымды түбінбегін, түсінгін.
Сөйлей қалсам бұл күні Көңілдерге Сөзім Жүк.
Мәнсіз сөзбен алданған қызық емес Кезім түк.
Сырласпаймын сағаттап Сырларымды сарқылта.
Айтарымды және де Айтпасымды Өзің ұқ!
Үндемеуді үйрендім.
Үнсіздікпен жолдаспын!
Ойға баттым үн- түнсіз.
Енді Сөзшең болмаспын.
Жан айқайын Жанымның қарапайым Қауымға
Жеткізуге әрдайым Жаңғырық- Жыр қолдасты.
Үндемеуді үйрендім.
Үнсіздікпен жолдаспын!





Пікір жазу