21.05.2022
  118


Автор: Гүлсара Шалқар

Жұбату

Таңым бар –
Не үшін?
Неліктен?
Қалай бұл?
Бәрі де өткінші: Өтті ғой талай Жыл.
Өтті ғой қабағы қатулы Түндерде,
Өтті ғой күлімкөз Күндермен Арай- Нұр.
Бәрі де өткінші: өтті ғой Шалалық,
Өтті ғой Асаулық, балғынды Балалық.
Өтті ғой Қиындық, өтті ғой Сынақтар
(Өтпесе екен тек ақылды Даналық!)
Бәрі де өткінші: өтті ғой Жалқаулық.
Өтті ғой Сенгіштік, өтті ғой Аңқаулық.
Өтті ғой Көсемдік, сөз саптар Шешендік.
Өтті ғой Үнсіздік, өтті ғой Сақаулық.
Бәрі де өткінші: өтті ғой Күйініш.
Өтті ғой Қуаныш, өтті ғой Сүйініш.
Жақсылық-Жамандық қатарлас жүретін
Ғаламда төменді қайтесің, биік ұш!
Бәрі де өткінші: өтті ғой Ақкөңіл.
Өтті ғой Күдікшіл,өтті ғой Сақкөңіл.
Өгейлік жасайтын өзімшіл Қоғамда
Өтті ғой Өкпешіл, өтті ғой Жаткөңіл.
Бәрі де өткінші: өтті ғой Батырлық.
Өтті ғой Бауырмал, Жанашыр, Жақындық.
Өтті ғой Көпшілдік, өтті ғой Менмендік.
(Өтпесе екен тек өрмінез Ақындық!)
Өмірден өтемін бір күні мен-дағы.
Бәрі де өткінші. Сұрайсың не тағы?:
...Өткінші өмірде тұрақты Қайғы жоқ.
Бақытсыз жанмын деп жылайсың Сен нағып?





Пікір жазу