21.05.2022
219
![](/uploads/shorttexts/author_image/1818505a3e2a71aaccb0b80848dee640.jpg)
Әкемнің көз жасы
Баса алмай алдыға бір адым (әл кеткен),
Таңылғам тұра алмай төсекке.
Сол күні... жан әкем… көз жасын көлдеткен...
Өрт тұрды өртеніп өзекте...
Қарап ем әкемнің көзіне үңіліп,
(Жастары жанындай мөп-мөлдір)
Ішінде өліп қап, өртеніп мың үміт
Күл болып кеткен-ді...
Үзілген мың үміт- қураған мың гүлдер.
Түстері қап-қара,
Ғұмыры бітіпті, жайқалмас (білдің бе?)
Сом дауыл – сом тағдыр таптаған....
Қорықтым...
Демеймін дәл бұлай мұңайдым
Жығылған үміттің жалауы.
Мен ұқтым: үміті сөнсе ер жылайды
Ал Әйел болмаса қалауы.
(Жалғанса үзілген үкілі үміті
Адамның көңілі жай табар!)
Алладан сұрағам жәрдемді күні-түн,
Аяққа тұрғызды қайтадан.
Аллаға шүкірлік!!! (Бағым бар бір елі).
Бұл күні жүрмін-ау дін- аман.
Әкемнің көз жасын еске алам үнемі
Жыласа бір адам...