21.05.2022
  230


Автор: Гүлсара Шалқар

Үнсіз ғана іштен тыну...

Үнсіз ғана іштен тыну,
Үнсіз ғана іштен тыну −
Жанашырға жағдай айтпай,
Жалғыз жылап, жұртпен күлу.
Жасырынып жалғыз жылау,
Жасырынып жалғыз жылау −
Жүректегі жан-жараға
Дәрі таппай әлсіз шыдау.
Шыдамды боп сырын сақтау,
Шыдамды боп мұңын сақтау −
Дүлейлікпен дүр сілкінбей
Ел алдында құнын сақтау.
Үнсіз ғана іштен тыну −
(Емес алып күштен бұғу)
Надандықтың қаһарына
Адамшылық іспен шығу.
Үнсіз ғана жатқа налу −
Қарсыласты отқа салу.
Ит пен ит боп ырылдаспай,
Адамдықты ақтап алу.
Үнсіз ғана іштен тыну
Қадіріңді іштей білу −
Жүйесіз жүйке жұқартпай,
Тілді тіспен тістеп жүру...





Пікір жазу