21.05.2022
  146


Автор: Гүлсара Шалқар

Балаша

Аштың деме сен ерекше жаңалық −
Өлшенбейді екен жаспен балалық.
Уакыт шіркін сырғыса да сынаптай,
Өзгермепті мінездегі аралық.
Бала көңіл сол қалпында аппақ тұр.
Аппақ көңіл − аппақ жүрек, аппақ нұр.
Жаратқанның кұдіретті күшімен
Бойымдағы балалықты сақтап тұр.
Біреу үшін бой түзеген Ару екем,
Біреу үшін қанды суық қару екем.
Бірақ олар білмейді ғой ешнәрсе,
Бар болғаны − есеюге зәру екем.
Зәру екем үлкендерше ойлауға,
Неге көңіл еркелікке тоймауда?
Ойыншықты алданыш қып келіппін,
Өмір атты тылсымы көп қойнауда.
Зәру екем жүректегі жылуға −
Кеуделерде қатыгездік тығылған...
Адамдарды ажырата алмаймын
...Сұлу сөздер − сұлу сезім, сұлу жан.
Әрбір сағат − әрбір толқу қат міне,
Айырбастап ала алады сәтті не?
Ащысына бағынбаймын өмірдің
Кұмар болып өскендіктен тәттіге.
Ұят екен қатарластан, кұрдастан.
Уақыт неге өтіп жатыр кұр босқа?
Өлшенбейді екен жаспен балалық...
(Өзімді Өзім сынап жатыр... Сын қоспа!)
Зәру екем алыс-жұлыс ойынға,
Адамдардан неге сабыр жойылған?
... Көз ілеспей келте-ғұмыр өтеді
Ересектер балалықты қойыңдар!





Пікір жазу