21.05.2022
  158


Автор: Гүлсара Шалқар

Білмеппін

Мен Оны қараңғы өмірге,
Жарығын сыйлайтын Күн деппін.
Қаяуды қалдырып көңілге
Күн батты… Күнсізбін… Нұр кетті…
Осылай боларын білмеппін.
Мен Оны құлпырар мың түрлі
Сұлулық символы – Гүл деппін.
Қауызы жарылмай бір түрлі
Гүл солды… Гүлсізбін… Гүл кепті…
Осылай боларын білмеппін.
Мен Оны шаттығы сезілген,
Дүр рухты Жыр деппін.
Боздатып кеудемде бозінген
Жыр бітті… Үнсізбін… Құр кеттім…
Осылай боларын білмеппін.
Мен Оны жарықсыз болса да,
Жұмбақты сақтайтын Түн деппін.
Әлемді түнекпен қоршап ап,
Түн болды… Жүрекке Мұн кепті…
Осылай боларын білмеппін.
Ол – Құйын, мен болсам Тыйым ем,
Жүректер, тілектер бір деппін.
Тағдырдың біздерге сыйы кем
Екен ғой, білмеппін.
Білмеппін, ешнәрсе білмеппін…





Пікір жазу