21.05.2022
  118


Автор: Гүлсара Шалқар

Досқа сыр

Жұбанышым менің,
Жұбатпағын, сен мені жұбатпағын.
Бүгін тағы жылап қалдым.
Жердің бетін ЖАЛҒЫЗДЫҚ кезіп келіп,
Жүрегімнің түбіне тұрақтады...
Дастарханға түрліше толсын тағам,
Шаршап келген ол да бір жолшы маған.
Мәртебелі тағына шығып алып,
Әмір берер қатыгез болсын қаған.
Мейманымды мейлінше бағалағын,
Сырларымды сыртымнан саралағын.
Шырқ айналып шаңқылдап ұшып жүр-ау,
Шыбын жанда жанкешті шағала-мұң.
Әлсіздікті жаныма серік еттім,
Жүрегімді тағы да еңіреттім.
Жазмышымнан оза алмай, қырсық шалып,
Жоспарымның барлығы кері кетті...
Жалғыздықты жүрекке қонақ қылғын,
Қаталдыққа қашанда олақ құрбың.
...Жаратқаным жіберіп ЖАЛҒЫЗДЫҒЫН
Шаттығымды осылай тонап тұрды.
Мұнан басқа амал жоқ.
Не етемін мен?
Жолаушылар қайтады мекеніне.
...Бір қайғыны бөлісіп, бәлкім бірде
Мың бақытты сыйлар-ау... кетерінде...
Жұбанышым менің..





Пікір жазу