21.05.2022
280
Бақытты болғанымды қалап, ӘПКЕ...
Бақытты болғанымды қалап, ӘПКЕ,
Сен менің жағдайыма алаңдайсың.
Жаратқан шеке тұсқа шиырлаған
Жазмыштың жазуына шарам қайсы?
Ал, кәне? Шараң қайсы?
Шамаң келмес
Оқуға шимай-шимай шиырларды
Алланың бұйрығымен бекітілген
Тағдырым маңдайыма бұйырған бұл.
Қашпаймын,
(Қашып та еш құтыла алман).
Қумаймын бұдан былай көлеңкені −
Жүректі қиялменен алдағанша,
Алладан әмір күтем төбемдегі.
Бақыттың қадіріне жету үшін
Бақытсыз бола тұрсын деген шығар.
Құламас жел соқса да құйындатып,
Діні берік, тамыры терең шынар.
Жоғалған уақытымның қайтарымы −
Орнаған тілегіме тобалы шақ.
...Қонып ап басқа ерте, ұшқан емес,
Кешіккен сайын БАҚЫТ бағалырақ!