21.05.2022
  164


Автор: Гүлсара Шалқар

Айырмашылық

Әпке-еу,
Бейнем ұқсайды анама,
Бейнең ұқсайды әкеме.
Жұмысқа сен көп жегілдің, мені өсірді мәпелеп.
Бауырлас жандар болсақ та, бойымызда
бар қайшылық:
Қорықсаң, айттың: «мама», − деп,
Жыласам, айттым: «әке», − деп.
Әпке-еу,
Сені сын − өмір шыңдады.
Мені нұр − өлең шыңдады.
Сен тек ақылды тыңдадың, мен тек
жүректі тыңдадым.
Мың тағдыр − дауыл соққанда, майыстың,
бірақ, сынбадың.
Мың шабыт − дауыл соққанда, майыстым,
бірақ, сынбадым.
Әпке-еу,
Сен − өжет, өткір адамсың.
Мен − өжет, өткір ақынмын.
Сен өр − өмірге жақынсың,
Мен өр − өлеңге жақынмын.
...Күш жинау үшін мезгілмен асыңды ішіп,
тынықтың,
Жыр жинау үшін ас ішпей, шабытпен таңды
атырдым.
Әпке-еу,
Сен үшін: «Өмір − Көңіл» ғой.
Адамға қарап, сөйледің.
Мен үшін: «Өлең − Өмір» ғой.
Тарихқа қарап, сөйледім.
Өмірің − үнсіз атқарған істерің, адал еңбегің,
Өлеңім − сөзбен көмкерген істерім,
адал еңбегім.
Әпке-еу,
Ісіңнің басы − тіршілік,
Күйеуің, үй, үш балаң бар.
Ісімнің басы − құлшылық,
(Сахна) өлең, еркелік − үш таған бар.
Үшбұрыш − өмір сүргенім...
Түсінер еді бір-бірін
Айналса адам ақынға, айналса ақын адамға.
Әпке-еу,
«Өлең бар болсын!» дейсің ғой.
Өлермендік бар санаңда.
(«Өмір бар болсын!» деймін ғой.
Әй, менде сенен қалам ба?)
Өмірім − басқан қадамдар.
Өлеңім − асқар қамалдар...
Жүрек жырлауын тоқтатсын өмірді
сәтте тәмәмдар!
Әпке-еу,
Соңыңнаң ерген сіңлің алдыға қарай жетеле.
(Жөні бар қыздың бауырға балаша
көркем еркелер!)
Өмірдің жүгін білекпен сен қаншалықты
көтерсең,
Өлеңнің жүгін жүрекпен мен соншалықты
көтерем.
Әпке-еу,
Алдымен лезде қуанам, артынан
лезде түнерем...
Адамнан сырлас таба алмай, Аллаға
келіп тірелем.
Сүргің келеді бір өмір...
Жазғым келеді жыр, өлең:
Сүргім келеді ірі өмір −
Жазғым келеді ірі өлең...
Сүргім келеді тірі өмір −
Жазғым келеді тірі өлең...
Жазғым келеді тірі өлең...
Әпке-еу!





Пікір жазу