21.05.2022
  142


Автор: Гүлсара Шалқар

Өлеңім

Өлеңім ол − соғып тұрған жүрегім,
Өміріме тірек болар тілегім.
...Мен өлеңсіз өмір сүре алмаймын,
Өзімді-өзім жоғалтқандай жүремін...
Өлеңім ол – сағынышым, сенімім.
Ашық-жарқын еш кіршіксіз көңілім.
... Өмірім мен өлеңім қатарлас
Қос бұрымдай қазақылық өрімім...
Өлеңім ол − бойға біткен батырлық,
Ал тағдырым − арқалы аңғал ақындық.
...Жаратқаным жаратыпты о баста,
Жазмышымды жырлап өтер пақыр ғып...
Өлеңім ол − қайғым менен шаттығым.
(Шаттықсызда қаншама рет батты күн?)
Өмірімді жұбата алмай жазықсыз,
Өлеңімде елден ерең тапты мұң.
Өлеңім ол − көлге айналған көз жасым.
(Өмірім де өлең болып боздасын)
Сыр жасырып, жыр жасырып, қайтейін,
Жұмбақтықты жақтырмаймын өз басым.
Өлеңім ол − соғып тұрған жүрегім,
Өмір − өзім. Өлең − өзім. Бір еді...
...Өлеңдерім қанша ғұмыр сүрсе егер,
Өмірімде сонша ғұмыр сүреді,
Көңілімде сонша ғұмыр сүреді..





Пікір жазу