21.05.2022
  120


Автор: Гүлсара Шалқар

Тағдыр

Білмеймін, бағым ба?
Әлде, бұл сорым ба?
Қазақтың тағдыры – қыздардың қолында.
Ау, жазмыш, ал сөйле:
«Адамдар − өмірдің қонағы».
Бұл − мұңды.
Білесің, маңдайға жазғаны болады.
Он екі үміт боп,
Он екі жігіт кеп,
Сезімін қиыла білдірді.
Еліңді соңына тастап сен,
Өзге елде жаңа өмір бастап сен,
Күн кешем деп шешсең, (өз еркің) жол әні…
Ау, жігіт, ал сөйле:
Ешқашан сезімде болмайды шекара.
Қос жүрек лүпілі −
Қос тағдыр үкімі.
Үлкендер үмітін ақтайды.
Өзге ұлт пен өз ұлтым... екі ара...
Отанның жақұтын,
Отбасы бақытына сатпаймын.
…Салтымды сақтаймын.
Өзінің сезімін өзіне бақыт қып,
Күн кешкен бұл қыздар,
Тәріздес жұлдыздар.
Оларға кереғар Күн болып күлемін.
Ел-жұртым, ал сөйле:
«Қыздардың тағдыры − жат жұрттық,
Етегін ұста енді бір ердің».
…Білемін.
Жат жұрттық болсам да, жат елдік емеспін.
Сүйемін ұлтымды, сүйемін ұлтымды.
(Ертеңнен елші боп келіпті елес-күн)
Кеудем тар болса да,
Ең ұлы арманға жол сала,
Титімдей жүрегім бұлқынды.
Көп ұлдың анасы болу ол − қуаныш,
Бір ұлттың анасы болу ол − зор бақыт.
Бақытқа лайықты әркімнің таласы,
Сүзгіден өткізер тек Уақыт.
Апыр-ай, Құдайым қалашы…
Қыз деген − ертеңнің анасы,
Болса да бүгіннің баласы.
Жүрегім, ал сөйле:
Тарихқа үңіліп қарашы…
Бабамның ұрпағы мен қазақ болған соң,
Баламның ұрпағы қазақ боп көбейсін.
Болашақ ақ таңы атқанда,
Мен көрде жатсам да,
Қазаққа болады қорған сол,
Тәңірім, ал сөйле не дейсің?..
Білмеймін…
Бағым ба?.. Әлде, бұл сорым ба?..
…«Адамның тағдыры − Алланың қолында!»





Пікір жазу