21.05.2022
  150


Автор: Гүлсара Шалқар

Сынақ

«Қайтер екен?» деп
Көкейдегі сөзімді сынап отырсың.
Қас-қабағым, көзімді сынап отырсың.
«Мұсылманға тән әдебі бар ма?» деп,
Жүректегі сезімді сынап отырсың.
Қайткен едім бұрындары?
Бетін демей айта салар өр болдым.
(Шындық деген қадірлінің төр орны)
«Елін сүйген ермінезді ерке» деп,
Сыртымнан көп сүйсінуші ел болды.
Қайтпек екем?
«Өзгелерге жібермен» деп есемді,
Сындырам ба сабыр деген кесемді?
«Көзіме еш көрінбесе екен» деп,
Өзгертем бе қонысымды, көшемді?
Батырлыққа басамын ба өткендей?
Жә-жә, жетер...
Қылығыңды жек көрмей,
Түсінуге тырысамын Сені де
(Шын мұсылман күн кешеді кектенбей).
Әй, қусың-ау,
Сынақ беріп, амалыма сұқтандың.
(Кім ұтылды бұл жарыста ұтқан кім?)
Адамдардың назарында ұстаған
Бір Алланың назарына мұқтажбын.
Сондықтан да...
Ниет қылғам мұсылмандай сауатты,
Іс жасауға салиқалы, сауапты.
... Уақыт − сағат сыртылдайды тоқтамай,
Еске салып Мақшардағы жауапты.
Құлшылықпен атып жатыр таңдарым.
Сырға толы ,
Нұрға толы,
Жырға толы жан-жағым.
...Пиғылына алданбаймын Пенденің,
Сынағынан өтсем екен Алланың!





Пікір жазу