21.05.2022
  140


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Қарғыс жыры

Тарын, тарын,
тарынып қал,
тарынып,
Заһар жұтып,
көрмегендер
зар ұғып!
Мен- қарғыспын,
қызыл қаны қарайып,
Ал жүйкесі
жүн боп кеткен
жарылып.
Тарын, тарын,
мен дегенде
тарын тек,
«Жоқ», «жоқ»,
«жоқ»-ты
осы менің барым деп.
Мен– қарғыспын,
қаһарына мінгізген
Намыс қайрап,
Кек қатайтып,
Ар үндеп.
Тарын, тарын,
тарына түс
тағы да,
Бақ қосылар
басыңдағы
Бағыңа?!
Мен– қарғыспын,
қиянаттар оятып,
Жеті айдаһар
жұмыртқалаған
жағыма!
Тарын, тарын,
одан басқа не дейін?
Өз елімде
кірме қылған өгейім.
Мен– қарғыспын
әділетті,
(әм содан)
жыны қозған
желтоқсандай көмейім.
Тарын, тарын,
тарынып қал,
тарынып,
Заһар жұтып,
көрмегендер
зар ұғып!
Мен – қарғыспын
қабырғадан бөлініп,
қайта аттанған,
У-ға айналып
бар үміт...





Пікір жазу