Бозарған бұлттар...
Бозарған бұлттар,
Сазарған бұлттар,
Шыңына таудың қажалған бұлттар,
Тағдыры ұқсас сендерге ғана
Жерде де жұмбақ жаны бір жұрт бар!
Арманын жазар атар таңына
Ұқсамайды олар қатардағыға.
Өрекпіп тұрған өлеңіменен
Өздерің құсап шығады олар
Ресми емес сапарларына!
Есіріп кетсе есектер кей күн,
Есерлігіне де есеп бермейтін
Тентектік дейтін тектілігі бар!
Көрсоқырлары көрсе де көрмей,
Ессіздері, рас, есептемейтін.
Болмайды мұны танытып алмай
Ширыққан кезде шабыты қандай!
Өзеурей қалар өктемдерменен,
Көкпеңбек қана көктемдерге де
Кетеді олар қағытып таңдай.
Жарқ ете қалар жасынға санар
Мұқағали мен Қасым да солар!
Бұларды қанша мұқатсаң дағы,
Жауатын бұлттай түнеріп тұрып
Мұзарт шыңдардың басында қалар.
Бозарған бұлттар,
Сазарған бұлттар,
Төгіліп алып тазарған бұлттар,
Тағдыры ұқсас сендерге ғана
Жерде де жұмбақ жаны бір жұрт бар!