21.05.2022
  121


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Ескерту

Асып кеткен артық қауіп жоқ менен,
Бомбамын – мен,
зарядталған кекпенен!
Тиіп кетсең жарылуға тақау тұр
Қиянаттан озбыр болған от денем.
Жүйке дейтін жүйке сымдай тартылған,
Сақтандырар сабыр о да сарқылған.
Адам айтқан тыңдамайды ақылды
Атом кеуде ашу-ыза, зар тұнған.
Қоса шыққан күрсінгенде тұлдыр дем
Күлкінің де сұм боларын кім білген?!
Бомбамын – мен!
Жоқтығынан мейірдің
Отыз жылда тажал болып үлгерген.
Жарқылдаған жын шақырып әр дыбыс,
Өмір сүрген сезінбейді барды іш.
Қанталаған көзім алды тек қана
Шартараптан шатақ қуған шарпылыс!
Көңіл көні бастағанда күлдірей
Бомбамын – мен,
Мінез тапқан бір дүлей!
Сойқан мінез содырлыққа жүкті еткен
Сұм саясат салт-санасын сүргілей.
Бейнет етіп болмысымды бүкір заң
Бомбамын – мен,
Обалды күн тудырған!
Қатыбезер қарғыс атқыр тісімді
Балалардың көз жасына жудырған.
Сасық ниет көрген сайын сақ дүрбім
Сырт-сырт санап жақындайды сәт құрдым.
Сен де енді абайлашы, сыпсың сөз,
Сыбдыр етсең жарылуға шақ тұрмын!





Пікір жазу