21.05.2022
  134


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Жарымжан күй кешіп тұрып жылардай...

Жарымжан күй кешіп тұрып жылардай
Өмір сүріп жүрміз дейміз ұялмай.
Өмір сүріп жүрміз дейміз боқ теріп,
Өмір сүріп жүрміз дейміз күле алмай!
Шенқорлығы жемқорлыққа ұласқан
Өмір сүріп жүрміз дейді мың асқан.
Қаны сұйық қиянатшыл қауымға
Көрінбейді дүр аспан!
Қандалаша сорған ұлт пен ұлысын
Өмір мүмкін өмір шығар ұры үшін,
Өмір мүмкін өмір шығар құл үшін
Қорып жүрген ынсапсыздар ыдысын?!
Емен-жарқын риясыз бір күле алмай,
Шын бақыттың не екенін біле алмай
Өмір сүріп жүрміз дейміз былшылдап
Талықсыған тіземізді бүге алмай!
Қабағымен қаяу салып көңілге
Қорқау қапқан өмір мынау өмір ме –
Қиқар кісі күлген сайын семіріп,
Итаршысы үрген сайын елірген?!
Шен-шекпенді шулаған сәт ұлардай
Ұрандаймыз келіп...
Тыныш тұра алмай.
Содан кейін өттік дейміз өмірден
Адам құсап бір күн өмір сүре алмай!





Пікір жазу