Алдаспанның арызы
Атой шықса
Жарқ-жұрқ еткен аспанда
Әттең...әттең
өтті-ау дәурен бастан да!
Тас шабардай жасаратын мына жүз
Тексіздердің қанын судай шашқанда.
Ширыққан сәт
шыққан кезде қынаптан
Сауға...сауға кететұғын сұрап маң.
Осы жүз ғой
ханға мәулет сұратып,
Дүлей дейтін
жендеттерді жылатқан.
Енді қазір заман қайсы,
заң қайсы?
Өзіңді-өзің еркекпін деп алдайсың.
Қанжар да ұстап көрмегесін қолыңа
Ханға кіріп
дат та сұрай алмайсың.
Күн өткізген өтірікпен, өсекпен
Дұшпан сені дүбәрамен
дос еткен.
Әттең сенің жауырыныңа мұз қатып,
Жекпе-жекте
алқынбайды қос өкпең.
Небір басты сойқан дейтін,
дүр дейтін,
Қайран заман,
көзіне де ілмейтін.
Өйткені сол,
қаһары бар қылыштың
Қаперіне қаймығу да кірмейтін.
Қатынбасты қарайтқасын қамсыз ғып,
Қайда барма:
қоқан-лоққы, арсыздық!
Қисайғанды қылшасынан қиятын
Енді мүлде қайнамайды
қан түздік.
Әттең, әттең
жетпегесін өре түк
Сормаңдай жұрт
сорлайды бір сор еміп.
Қиянатты көтермейтін әз басым
Бәрі бекер,
айтпағасын төрелік!