21.05.2022
  156


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Қайратты жоқтау

Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің ағаекемді ала қашқан...
Жанына зарық беріп жара басқан,
Тәніне табыт керіп қара ағаштан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан, Бедеу аспан,
Сенбісің Қайратты алып қара басқан...
Болмысы, бар бітімі бала жастан
Жыңғылмен жусан болып араласқан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің зар асырған бар Алаштан...
Сананы сансыратып сан адасқан,
Қаһары қан ағызған қара тастан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Сенбісің сар далада селеу басқан
Селдірін самал болып тарамастан
Ақынды ажал болып ала қашқан?
Беу, аспан,
Бебеу аспан,
Бедеу аспан,
Өртенген өзегіне қарамастан,
Айырған ағайынды бел ағаштан
Сенбісің ғапыл дүние теңеуі асқан?
Айтшы..





Пікір жазу