Джон бауыр
Қара, қара,
мен– қарамын, қарамын,
Қара адаммын қасіретті, қарағым.
Қара адаммын–қайғы жуған жанарын,
Қара адаммын–қара бояу бар әнін
жұтып қойған...
Мен- қарамын, қарамын...
Мен-бір құспын қанатына қан жұққан,
Наша, шарап ауруына шалдыққан.
Құстар салған құс жолына ілеспей
Саксафонда ойнайтұғын қарлыққан.
Мен– қарамын, қарамын...
Шақыратын шақырымдар,
тұман бар,
Көкке жолды басқа құстан сұраңдар.
Менің жолым- меңіреу жол,
Қара жол
Жортпайтұғын ешуақытта құландар.
Мен– қарамын, қарамын...
Маған тағы уақыт керек десем де,
Алабама,
сенің кеше көшеңде
Баяу биін боздататын Джон кеп
тұз себеді
Мына мендік кеселге...
Деймін дағы,
қара деймін тағы да,
Басқа әлем кіріскенмен қамына
Ойнайтұғын аспабында Джон жоқ,
Жылап тұрып,
Қарғыс айтам таңыма:
Мен– қарамын, қарамын,
Қара болып басталады бар әнім.
Қарамын деп қан жылайды жанарым.
Қабырғамды сөгіп тұрған қасірет –
Қара адаммын,
қара адаммын, қарағым!