21.05.2022
  126


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Бүгінгі теңеулер

Я пақырға,
я ақылға бағынбай
Өмір өстіп көшеді енді сағымдай...
Жалған өмір –
тұрғанымен жанбайтын
«Құлагердің»* көшедегі шамындай!
Өзек еткен
өң мен түстің арасын
Өтеді өмір таппай Жанмен жарасым...
Жалған өмір –
мандат тисе қолына
Депутаттай көрсетпейтін қарасын!
Бірге түрпі,
ендібірге күлкі боп
Өмір өстіп өтеді енді түлкі көк...
Жалған өмір –
мұқым әкім-қараның
Көбік атқан көп сөзіндей жылты жоқ!
Торыққан сәт
Тәңірді де тілдеткен
Өшеді өмір үмітіңді үрлеп кем...
Жалған өмір –
тірісінде мүгедек,
Өлгеннен соң Ғалымжанды «жынды» еткен!
Өр қазақтай
өзі жарлы, өзі бай
Өшеді өмір,
көшеді өмір осылай...
Сені менен мені нақақ күйдіріп
От тіліне ет шыжғырған мосыдай!





Пікір жазу