Оралу
Қартайған дала төрінде жатқан көсіле,
Қарайды төніп құбыла жақтан қалаға Ай.
Түнгі оттар бейне тентектеу ұлдың төсіне,
Тіл-көзден қорғап жүрсін деп таққан танадай.
Көңілден өшіп кешегі күнгі көп сызат,
Келеді қалғып жаңғырық пенен мәңгілік.
Пойыздың құлақ тұндырған дауысы кетті ұзап,
Перронға мені және бір қызды қалдырып.
Тоңазып денем, көтерген болам жағамды,
Толқыса сезім, жүрегім соғар дүрсілдеп.
Армандас болған ардақты жандар сона-а-а-ауғы,
Алдымнан шыға келердей «Қайдан жүрсің?..» деп.
Оларға, сосын тағдырға өкпем жоқ титтей,
Оятсам ба екен сәлден соң болып нұр таңғы.
Түбінде туған үйшігін табар текті иттей,
Телміріп тұрмын терезелерге қымтаулы.
Саф алтын сынды мен сақтап жүрген бір белгі ед,
Сарыарқадағы сағыныштың сол үлгісі.
...Аяулы мұңмен оралған ұлды білген жоқ,
Аякөз түні, аядай қала... бір кісі!