21.05.2022
106
Оралмас сол бір әлем әудемдегі...
Оралмас сол бір әлем әудемдегі,
( Жүргені жетпей сенің әурең бе еді?)
Бұл күнде жылымайтын болып алды,
Жүрегім жылы сөзге кеудемдегі.
Жастықтың өшпегенмен оты көзде,
Татиды тіршіліктің татымы өзге.
Дәл мендей дегбірсіздеу емес шығар,
Қан ішіп, кісі өлтірген қатыгез де.
Қызығын қу тірліктің көріп болған,
Қызыл гүл секілдімін семіп, солған.
Тырысам орындауға жұрт әмірін.
Қояр деп сырымды ұғып қорыққаннан.
Бәрін айтсам заманым сенбес мүлде,
Бақыт емес фәниден, сор кештім бе?
Қаным қанша қарайып қарағандай,
Жаным сонша ашымас енді ешкімге.
Қысастығын ғұмырдың көзі көрген,
Күрсінеді бір ақын сөзі мерген.
Арманы мен ойлары тірі қалып,
Қиын екен адамның сезімі өлген...