21.05.2022
  132


Автор: Қалмаханбет Мұқаметқали

Тіліме байланғандай бір іштегі ой...

Тіліме байланғандай бір іштегі ой,
Тілегін айта алмай тұр күміс көмей.
Жасаурап қос жанарың қарай қалдың,
Қашаннан қыздың жолы жіңішке ғой.
Сүйсініп сымбатыңа дана, көркем,
Сырымды айтқым келді саған, еркем.
Ардағы күллі жұрттың болған ару,
Жан – жары бір жігіттің болар ертең.
Тұңғиық көздеріңе үңілсе Адам,
Табардай Дүниенің түбін содан.
Қалқам – ай, қалай қорған болар екем,
Артқанда тағдыр бірде жүгін саған.
Кездерің елес беріп кейде сонау,
Көңілге мұң салады, ойға жамау.
Қазіргі гүл келбетің күндер өте,
Әжімді бір әжеге айналады-ау...
Табылмай қайран әннің кейін бәсі,
Кетер ме қайталанбай қайырмасы?
Құдай-ау, осы екен ғой, осы екен ғой,
Пенденің Періштеден айырмасы..





Пікір жазу