21.05.2022
  114


Автор: Қалмаханбет Мұқаметқали

Жайық қызы

Қимас күн. Қас-қағым сәт. Ненi ұққанбыз?..
Қайран жан қапа болды-ау қалып жалғыз.
Жайымды жеткiзейiн жыр ғып жазып,
Жайықтың жағасында жолыққан қыз.
Жайықтың жағасында. Жағада жай...
Жаныма тарап жатыр сонан арай.
Толықсып тап алдымнан шыға қалдың,
Толқынға төсiн тосқан шағаладай.
Шынардай шың басында сағым кешкен,
Шырайлым, шығарма осы шағыңды естен.
Жұттым мен жұпарыңды жақын барып,
Жусанды жапырғандай жолымда өскен.
Аңқаңды кептiретiн иiс... Менше,
Адамдар ұғар едi-ау сүйiп көрсе.
Жалғаннан өтiп кетiп жүремiз бе,
Жолымыз тағы бiздiң түйiскенше?!
Қайтемiз?.. Қас-қағым сәт. Сол ма бәрi –
Қимас жан қапа болып қалма-дағы...
...Жанымды мұңға бөлеп жүрсiң ендi,
Жайықтың жағасында қалған ару!





Пікір жазу