21.05.2022
  140


Автор: Қалмаханбет Мұқаметқали

АҚЫНДАР мен АРУЛАР

Ару қыздар жайындағы,
Аңыздар көп әлi де.
Шығыстың шын шайырлары,
Шаһар қиған меңiне.
Өмiр-жұлдыз таңда сөнер,
Өттi қанша арманда ер...
Абай ғашық болмаса егер,
Айтар ма едi Тоғжанды ел?!
Жорта қылған айласы ма,
Жыр жаздырып қайғылы.
Жұматайдың Ләйләсi да,
Жұртқа болды әйгiлi.
Келтiргесiн етiп Құдай,
Кейiпкерi өлеңнiң.
Мысалы үшiн, бақытты ғой,
Мәдинасы Әбеннiң!
Тауысқам жоқ бәрiн әлi,
Тағы және тағылар...
Бiреуiнiң соры қалың,
Бiреуiнiң бағы бар.
Ақындарды таниық та,
Ардың туын көтерген.
Қандай қызды тарихта,
Қалдырады екем МЕН?!





Пікір жазу