Тұрды менi түнектiң өзi құптап...
Тұрды менi түнектiң өзi құптап,
Тұншығады тылсымға езiлiп бақ.
Көк көбелек көңiлден ұшып кеттi,
Көзiмiз бен көзiмiз кезiгiп қап.
Қарсы дәрмен қыла алмай күш-ағымға,
Тұсалуда, төзiмдер тұсалуда.
Бара жаттық батып бiр тұңғиыққа,
Өзiң – менiң, мен – түннiң құшағында.
Күнәм болса алдыңда кеш, ақ таңым,
Ерте жұлсам ақ гүлдiң шашақтарын...
Бiрақ, ерте болғанмен бұл ғұмырда,
Бақыт деген екен ғой осы-ақ, жаным.
Осы-ақ жаным, екен ғой бақыт деген,
Ай нұрына шағылып ақық денең...
Күллi азаптың құны үшiн құрбан етiп,
Ләззаттың шырынын татып көрем.
Егiз жүрек елтiп ед, балқыды дем,
Сол құдiрет сүюдiң салты, бiлем.
Саған қымбат махаббат сертiмнен,
Маған тәттi махаббат бал түнiмен...
Есерлiктi кешер ме, ерке Құдай,
Елеусiздеу қарайды өртенiп Ай.
Қайта айналып келер ме қайран күнiм,
Әттең, әттең ғұмырдың келтелiгi-ай?!