20.05.2022
163
Түңілу
Ұйғыр ақыны Тейіпжан Әлиевтен
Зуылдап тасқын судай, жылдар, ақтың,
Ойласам өмірімді, мұңға баттым.
Мен бейне қалың орман ішіндегі
Жапырағы солғын тартқан бір дарақпын.
Жуынып жаздың жылы жаңбырымен,
Тынымсыз тілдесемін таң нұрымен.
Гүлдердің шешек атқан жұмысы жоқ
Жаны пәс жапырақтың тағдырымен.
Жүрегім қалтырайды сондықтан да,
Салғандай сүйегіме зорлық таңба.
Күн шығар, ай да батар өз жөнімен,
Селт етпес жасыл әлем шаң жұтқанда.
Кірлесе табиғатым мөлдір, тұнық,
Жылаймын нәзік гүлдей мен күрсініп.
Жалғанды озандатып, тозаңдатып,
Шығады әлдеқайдан жел жұлқынып.
Өз еркі соқсын өмір ызғырығы,
Қабағын түйіп қыс пен күзді күні.
Әйтеуір құлағанша қарманамын,
Жанымның жұтамаса ізгілігі.