20.05.2022
  145


Автор: Несіпбек Айтұлы

Кен іздеушіге

Ұйғыр ақыны Тейіпжан Әлиевтен


Кен іздеп атажұртты ақтарасың,
Өмірдің айырмайсың ақ-қарасын.
Кеніштің алтын кілтін жат қолына
Бергенге масайрайсың, мақтанасың.
Кезуден тау мен тасты жалықпайсың,
Көзіңе түскен затты парықтайсың.
Күміс пе, қорғасын ба, алмас па әлде,
Асылдың құрамын тез анықтайсың.
Түрткілеп сұлу төрді анау жатқан,
Шыға алмай ұзақ жүрдің сол аумақтан.
Белгісіз не тапқаның, білетінім –
Сарқылды мөлдір бұлақ заманғы аққан.
Бермедің өзің туған қонысқа опа,
Кен іздеп басқан ізің қорыс-қопа.
Көргенде өткен-кеткен тұнжырайды,
Ісіңе алыс-жақын тегіс қапа.
Газ тауып не бүлдірдің, біл, қарағым,
Суырып жер қолқасын, жұлмаладың.
Ошағын өшірмеген тезек жағып,
Астында анаң қалды зілзаланың.
Пендедей елін сатып баққа жетер,
Жеріңді күйдіресің отқа бекер.
Сиқың бар саған салса, қыстағың мен
Бабаңның қабірін де таптап өтер.
Кемеңгер Беруниға табынасың,
Хабибты мақтағанда ағыласың.
Солардың құлақ ассаң рухына,
Жұртыңның ортасынан табыласың.
Басыңды айналдырған азғын дәуір,
Мылқаудай тілге көнбей тоздың, бауыр.
Кеудеңе жез қаңылтыр таққанменен,
Жылтырақ жез тісің жоқ аузыңда бір.
Әйтеуір сенің күнің туды аңсаған,
Деуменен далақтайсың уран табам.
Миғұла, ұғасың ба, қаза берсең,
Таусылмас қазына емес Тұран саған.
Жұтатын өз еліңді жайындайсың,
Көрінген жерден көзіңді айырмайсың.
Бәтшағар, бұйрық келсе, Яссауидің
Мазарын тегістеуден тайынбайсың.





Пікір жазу