20.05.2022
  179


Автор: Несіпбек Айтұлы

Екеуміз

Орыс ақыны Михаил Исаковскийден


Екеуміз көңіл қосып жүрмеп едік,
Қызығын көктемдердің бірге көріп.
Жанарың жай таптырмай жас жаныма,
Аһ ұрдым от боп жанып, мұз боп еріп.
Көрмесем ұмытармын деп ойладым,
Бойымды аулақ салдым, абайладым.
Болмады қайда барсам алдан шығып,
Еріксіз елесіңе қарайладым.
Мен үшін бір өзіңсіз ашық-жарқын,
Жүрер жол жер бетінде жоқтай бәлкім.
Сәт сайын қабағыңнан сыр ұқпасам,
Өмірдің әр сағаты тартар салқын.
Сен дағы мүмкін іштей мұңданасың,
Дегенмен терең сырдың біл бағасын:
Әйтеуір шешу керек бұл түйінді,
Қалайда табу керек бір дауасын.





Пікір жазу