Сейілғазыға
Әкең тартып домбыра, өзің қалам ұстадың,
Көріп өстің көкөзек кер заманның қыспағын.
Қара пышақ жалғанда қын түбінде қалған ба,
Сертке соққан семсері сенсің шебер ұстаның!
Ертегідей есіңде Емілдегі қыстағың,
Мекен еттің пейіштей кең даланың пұшпағын.
Балапан қаз секілді бергі бетке өткен соң,
Алакөлге белгілі қонғаның мен ұшқаның.
Мың құбылған көрдің бе дүниенің мыстанын,
Көк түтінге ендің де көкіректі ыстадың.
Көз алдыда кешегі көлдей кешіп көшені,
Сейіл сері атанып, айдай ару құшқаның!
Өмір деген, ойласаң, өте шығар қысқа күн,
Алматыда досың көп, жоқ бірақ та дұшпаның.
Ұлы бабаң Қабанбай қуса қалың қалмақты,
Үркіте алмай сен жүрсің жаудың қара тышқанын...
Өле-өлгенше тарқамас көңілдегі құштарың,
Өрнегіне ғашықсың елудегі нұсқаның.
Күдеріңді үзбейсің көк тұлпардан, бауырым,
Жұртта қалған іздейсің алтын ердің пыстанын!..