Теңдікке
Менде бір Теңдік деген іні болған,
Жүрегі мәңгілікке тыным алған.
Салмағы қасіреттің оған жеңіл,
Артында маған ауыр тірі қалған.
Ойласам есіме алып сол інімді,
Өксіген баса алмаймын солығымды.
Ол кезде қара сирақ бала едім мен,
Қажаған қара балшық тобығымды.
Білмеймін нәубет келді нендей ғана,
Себебін қайдан ұқсын мендей бала.
Ажалдың ащы дәмін тұңғыш таттым,
Жазған соң маңдайға да, таңдайға да.
Туып ек Тарбағатай бөктерінде,
Атадан қалған үйдің қақ төрінде.
Томпиған қоян жонды сұр топырақ
Үн-түнсіз қала берді кеткенімде.
Ол үшін таң атпайды, күн батпайды,
Оралып іздеп бардым, тіл қатпайды.
Таба алмай бір тиянақ мендік ғұмыр,
Сынаптың тамшысындай сырғақтайды.
Менде бір Теңдік деген іні болған,
Жүрегі мәңгілікке тыным алған.
Менімен бірге сөнер сағынышым,
Тартылып темекідей күлі қалған.