20.05.2022
142
Тұнықтан қанып ішіп
Көңілім аласұрып көкке өрлеген,
Күлікпін күнде шауып көп терлеген.
Мен дағы өлеңдегі бір патшамын,
Отыз жыл тақымынан тақ бермеген.
Жарысып дауылменен, құйынменен,
Асудан астым талай қиын деген.
Ит қосып, алдымды орап әуре қылды
Кейбіреу көк есектің миын жеген.
Тұнықтан қанып ішіп ел шөлдеген,
Қызықтың бәрін көрдім көрсем деген.
Алайда дүниенің бас-аяғы
Бір сенің көргеніңмен өлшенбеген.
Уақыттың у жұтқызса жылдамдығы,
Пенденің өкінбейді мыңнан бірі.
Теңесер көргенің мен көрмегенің
Көзіңді біржолата жұмған күні.