20.05.2022
  156


Автор: Несіпбек Айтұлы

Өз қолыңмен өрт салма

Қаз қаңқылдар көлінде,
Құлан ойнар шөлінде.
Тарылмасын тынысың,
Қазағым, өз жеріңде.
Қысым түссе жаныңа,
Жарты құртты бөліп же.
Ала қойдың жүніндей,
Бірақ өзің бөлінбе!
Бас-аяғың бірікпей,
Бүтіндік жоқ еліңде.
Ит тұмсығы өтпейді
Ну орманға тегінде.
Бітік өскен бұта да
Жел жібермес көбінде.
Ортаң ойық көрінсе,
Жыртылғанды жама да,
Жарылғанды желімде!
Туған балаң бесікте,
Тумағаны – беліңде.
Болашағы – аманат
Бәйбіше мен келінге.
Күңіренбесін десеңіз
Ата-бабаң көрінде,
Отбасыңа ие бол
Отырғанда төріңде.
Өз қағыңнан жерінбе,
Өз қаныңа тебінбе!
Содан жақын жоқ саған
Бұл жалғанның шебінде.
Өз қолыңмен өрт салма
Өзің еккен егінге!
Алтын буы арбайды,
Дүние жолдас болмайды,
Оранасың небәрі
Екі шаршы кебінге...





Пікір жазу