20.05.2022
  139


Автор: Несіпбек Айтұлы

Алдай сал

Сарсаңға салған сұм жалған,
Болмады дейсің кімге арман?
Күрсінер күзгі жапырақ,
Бүршікті көрсе бүр жарған.
Тиянақ таппай көңілге,
Күндерім қанша мұңданған.
Жынданып кетсем таңданба,
Тағдыр ғой қалған Біржаннан.
Ойнаған қызыл отпенен
Өзімді кейде жек көрем.
Жалт ете түсті бір сағым
Жасымда қуып жетпеген.
Тәтті едің неткен, жастық шақ,
Таңдайдан дәмі кетпеген?
Жауқазын болғам мен дағы,
Жамылып қарды көктеген.
Сарғайып жасыл маңайым,
Сарыуайым түсті ептеген.
Жылытам тоңған жүректі
Іштегі қалған шоқпенен.
Базарлы, шулы дүние
Басынан кімнің өтпеген?
Өкшесі қатты тіршілік
Өзектен кімді теппеген?
Соны ойлап мынау ғаламға
Қараптап-қарап кектенем.
Тонатып нәзік жанымды,
Сүрдім бе ғұмыр текке мен?
Түсінсең сөздің астарын,
Ұғарсың жайды көптеген.
Шіркін-ай, шерлі кеудеме
Үңілер кім бар деп келем?
Айыпқа, қалқам, бұйырма,
Ақын жоқ сырын төкпеген.
Алдай сал сәби жүректі,
Маңдайдан сипап еппенен...





Пікір жазу