20.05.2022
  117


Автор: Несіпбек Айтұлы

Қара ниет қар боратса

Жағам бүтін көрінгенмен, жырым-жырым балағым,
Оған бола мүсіркеме, жабырқама, қарағым.
Балақ тұр ғой, шұрқ тесік толып жатыр балтырда,
Кесірінен қабағанның тісі батқан жараның.
Ажыратқан алауыздық ағайынның арасын,
Аттан түспей аралап жүр Алты Алаштың баласын.
Бұғып келіп ту сыртыңнан оқ атқанды көргенде,
Ашық келіп ала түскен итке разы боласың.
Жалған күліп, жақыныңсып ашылғанмен құшағы,
Жең ішінде жасырулы жәдігөйдің пышағы.
Даяшыдай құрақ ұшып бір қапыңды тапқанша,
Керек болса, тізе бүгіп, аяғыңды құшады.
Жақсылық пен рақымға адам қашан жариды?
Қара ниет қар боратса, жаныңды ызғар қариды.
Басыңа күн туа қалса, бұралқы да басынып,
Шидің түбі құрығандай іргеңе кеп сариды.
Екі жүзді, айыр тілді бет-бейнесін кескіндеп,
Кім айта алар сұм жалғанның жұмбақ сырын шештім деп?
Шексіз әлем, түпсіз терең тылсымменен тілдескен
Әулиенің көзін көріп, қолын алған ешкім жоқ..





Пікір жазу