Өзім білем
Жылаймын, сәлден кейін қайта күлем,
Айтарын жүрегімнің айта білем.
Біреудің жүрген жоқпын жетегімен,
Біреудің үрген жоқпын айтағымен.
Аузыма Құдай салған сөзімді айттым,
Қақаған қысымды айттым, жазымды айттым.
Қаперге көп нәрсені алмадым да,
Қатерге өзім барып, өзім қайттым.
Ұл едім елім аман аттандырған,
Көп жортып, кер жотаға ат шалдырған.
Тірсегін тажалдың да қиып түсер,
Аңшыны талай көрдім қақпан құрған.
Үн-түнсіз бұғып жатқан қанды қақпан,
Сыртыңнан оқпен бірдей аңдып атқан.
Ежелден тізе қосқан осы екеуі
Сұңқарды, тұлпарды да сан құлатқан.
Жылаймын ағайынның азғанына,
Жыртылып ескі тондай тозғанына.
Ор қазып ешкімді де құлатқам жоқ,
Өкінем абайсызда озғаныма.
Бастырса зердесінің көзін Алла,
Парықсыз пенде, шіркін, сөз ұғар ма.
Өлеңнің қазынасы – кеудем менің,
Не барын өзім білем қазынамда...