20.05.2022
  165


Автор: Несіпбек Айтұлы

Сен деп үйде сенделгенде

Шешек атқан алқызыл гүл алаулайды гүлзардан,
Сенің ернің байқалмайды гүл-жүзіңде бүр жарған.
Сен деп үйде сенделгенде әрең тұрам орнымнан,
Өрмекшінің торларының жібін қармап шырмалған.
Тұмар тікпек болсаң егер қызыл, сары түстерден,
Қанды жас пен өңімді алғын қуқыл тартып мұңданған.
Қарашығым жылай-жылай суалса да қайтейін,
Қараң қалмас қабырғасы қайыспайтын бұл жалған.
Оқ боп кірген кірпіктерің қайта өнеді денемнен,
Көк майсадай шарапхана топырағында нұрланған.
Әр түйіні сүйген жардың қайғысынан тұратын,
Зұннар таққан мен де кәпір құсаланып жынданған.
Дәрет құмған қираса егер, бір сынығын қолға ұстап,
Шарап құй деп жалынамын даяшыға бұлданған.
Тәңірі көкте жандырғанда бүкіл ғалам жұлдызын,
Іздегенде таппаған соң опа ғана құр қалған.
Қас жауыңа дүние түгел толса-дағы ей, Науаи,
Есіл дертің ғашығыңда болса, қорықпа сұмдардан!





Пікір жазу