20.05.2022
  140


Автор: Несіпбек Айтұлы

Жазылмаған жырмен сырласу

Қалтарыста сөздердің басы бұғып,
Жазылмаған жыр, тұрсың жасырынып.
Жасырынып қайтесің, жарқыным-ау,
Нөсеріңді төксеңші, жасын ұрып.
Ұяңсың ба,
Болмаса қиялсың ба?
Қиял десем, көңілге сиярсың ба?
Қымбатыңды, першітем, қиярсың ба,
Келіп, нәзік сәулеңді құярсың ба?
Жатырсың ба ашылмас сыр түбінде,
Отырсың ба гүлдердің бүршігінде?
Мөлдіреген тамшының бірі болып,
Тұрсың ба әлде ілініп кірпігімде?
Қайда болсаң онда бол, ашыққа шық,
Жіберсеңші нұрыңды шашып-шашып.
Жан емеспін жаралған бал ашуға,
Ақынмын ғой алайын тасып-тасып.
Кеткендей бір кенеттен көл төгіліп,
Таудай-таудай толқындар төңкеріліп,
Теңіз көшіп өтсе екен көз алдымнан,
Ақ айдынға айналам көмкеріліп.
Сонан кейін не болсам о болайын,
Толқыныңмен бірге аунап жоғалайын.
Ең болмаса тұрармын өсіп шығып,
Қара суға үңілген қоғадайын.
Жазылмаған жұмбақ жыр, келші бері,
Сенде барлық ойымның еншілері.
Тереземді түндерде жиірек ұр,
Жүрегімнің құпия көршілері!..





Пікір жазу